«Мектебім саған, мың алғыс!» салтанатты жиын
Мамыр айының 24 күні «Мектебім саған мың алғыс!» тақырыбында мерекелік іс-шара болды. Бүгін мектебіміздің 11-сынып түлектері алтын ұясымен қоштасты. Ұстаздар мен достар, сыңғырлаған қоңырау үні, ұмытылмас сәттер – бәрі жүректе мәңгі сақталады. Мерекелік жиын барысында мектептің қоғамдық-мәдени жұмысына белсене атсалысқан үздік оқушылар мектеп мақтанышы мақтау қағаздарымен марапатталды. Сондай-ақ ұстаздары шәкірттеріне жылы лебіздерін білдіріп, түлектер өздеріне 11 жыл бойы білім берген мұғалімдеріне қимастықпен алғыс айтып, ән-жырларын арнады. «Алтын белгіге» үміткер түлек 10-сыныптың үздік оқушысына білім кілтін табыстап, оқуда сәттілік тіледі. Түлектердің «Мектеп вальсін» билеп, жиналғандар бірін-бірі құттықтап, естелік суреттерге түсіп, мәз-мейрам болып тарқасты.